Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі25 қыркүйек 2025семинар

Ғылым мен өндіріс сабақтастығы: Қой шаруашылығын жаңғырту жайындағы кеңес

25 қыркүйек күні  Shakarim University базасында  Абай облысы әкімдігінің қолдауымен және ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясы, «Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының ұйымдастыруымен «Кооперация тетіктерін енгізу, мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану және инвестиция тарту негізінде отандық қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту» тақырыбында халықаралық семинар-кеңес өтті.

 

 

Келелі жиынға Абай облысының әкімі Берік Уәли; ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының Президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Тлектес Есполов; «Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Басқарма төрағасы, ҚР ҰАҒА бірінші вице-президенті Есенбай Исламов; ҚР ҰАҒА вице-президенті, халықаралық байланыстар және интеграция жөніндегі маман Ерлан Байдәулет; Ауыл шаруашылығы саясатын дамыту жөніндегі ұлттық сарапшы, экономика ғылымдарының докторы, ҚР ҰАҒА академигі, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА құрметті академигі Төлеутай Рахимбеков т.б. отандық және шетел ғалымдары, еліміздің ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысып, отандық қой шаруашылығы саласының қазіргі жағдайын саралап, саланы жаңғырту мен дамытудың нақты жолдарын қарастырды.

 

 

Семинар-кеңестің үйлестірушісі ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының Президенті, э.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов халықаралық деңгейдегі ауқымды жиынды ашып, Абай облысының әкімі Берік Уәлиге құттықтау сөз кезегін ұсынды.  

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру керектігін айғақтай отырып, «Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес» деп ғылымға арқа сүйеудің маңызын атап өткен болатын. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, облысымызда қой саны республикадағы барлық ұсақ мал басының 6 пайызын құрап отыр. Елімізде 22 миллионнан астам қой болса, соның 1,5 миллионға жуығы – Абай облысында. Аймақта ұсақ малды асылдандыру деңгейі 25 пайызға жетті. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстарды жүргізуге мүмкіндігіміз бар» деген аймақ басшысы Семейде жаңа ет комбинатының  құрылысы қолға алынғанын да атап өтті.  

 

Шәкәрім университетінің  стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов университте  аграрлық саладағы зерттеулерге көп көңіл бөлініп отырғанын айтып, осы бағытта жүзеге асырылып жатқан жобаларға тоқталды.

 

 

Саланың жаңа серпіні – өңдеуден экспортқа дейін

 

Семинар барысында Абай облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев өңірдегі мал шаруашылығының қазіргі жағдайы мен дамуына тоқталса, «Еуразия АгроСемей» компаниясының Бас директоры Қанат Қалиев «Отандық қой шаруашылығын дамытудағы «Еуразия АгроСемей» жобалары: мәселелер мен перспективалары» тақырыбындағы баяндамасын ұсынды. Ол компанияның халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін, терең өңдеу технологиясымен жабдықталған заманауи ет өңдеу кешені жобасымен таныстырды. Кешен күніне 700 ұсақ мал, 70 ірі қара/жылқыны сойып, 8 тонна шұжық, консерві және жартылай дайын өнім өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ, ет комбинаты аумағында 7 мың бас ұсақ малға арналған мал бордақылау алаңы салынып, «Приречное» агрофирмасы» фермерлік шаруашылығында 10 мың бас ірі қара мен жылқыға арналған бордақылау кешені іске қосылады. Аталған кешен ет комбинатына мал жеткізуді үзіліссіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мал азығы «Приречное» агрофирмасы» базасында және Абай облысындағы суармалы жерлердегі қосымша учаскелерде өсіріледі деп жоспарланған.

Бұл кәсіпорын Қазақстанның ұлттық ет брендінің қалыптасуына ықпал етіп, ішкі және сыртқы нарықта сапалы өнім өндіретін сенімді әріптес ретінде танылмақ.  

Қазақстан аумағында кәсіпорынның фирмалық ет өнімдерін сататын брендтік дүкендер желісін ашу жоспарланып отыр. Бұл жоба елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ұлттық ет брендін қалыптастыруға және халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.

 

 

Халықаралық ынтымақтастық – дамудың кепілі

 

Семинар барысында ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясының халықаралық байланыстар және интеграция жөніндегі вице-президенті Ерлан Байдәулет «Қой шаруашылығын дамыту қоры» аясындағы халықаралық ынтымақтастық жайында баяндама жасады. Ол Академияның мақсаттарының бірі Қазақстанды ауыл шаруашылығы өнімдері мен агротехнологиялар бойынша әлемдік деңгейде таныту екенін атап өтті.

 

Академия Ресей, Қытай, Беларусь, Украина, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Моңғолия сынды елдердің аграрлық академияларымен, сондай-ақ Еуропа, Азия, АҚШ-тың жетекші аграрлық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. Сонымен қатар FAO, ICARDA, CIMMYT, UNDP, OIC, МФСА секілді халықаралық ұйымдармен әріптестік қарым-қатынас жолға қойылған.

 

Агроөнеркәсіптік кешенді өңдеу, азық-түлік өнеркәсібі және логистика саласындағы ұлттық сарапшы Айгүл Ахметжанова «Мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін қалыптастырудағы кластерлік тәсілдің рөлі мен маңызы» тақырыбында сөз сөйлеп, кластерлік жүйенің артықшылықтарына тоқталды. Ол мал шаруашылығы саласын кешенді дамытуда өндіріс, өңдеу, сақтау, тасымалдау және нарыққа шығару тізбегінің өзара байланысын қамтамасыз ететін кластерлік тәсілдің тиімділігін атап өтті. Сарапшының айтуынша, бұл тәсіл өнімнің сапасын арттырып қана қоймай, экспорттық бағыттағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге мүмкіндік береді.

 

Пәкістанның Файзалабад ауыл шаруашылығы университетінің профессорлары: доктор Мұхаммед Камар Билал мен доктор Мұхаммад Саиф-ур-Рехман  өз елдеріндегі қой шаруашылығы тәжірибесімен және қой өнімдері мен шикізатынан түрлі тауар өндіру ерекшеліктерімен бөлісті.

 

 

Халал стандарттары мен азық-түлік қауіпсіздігі – нарыққа жол

 

«Atyab International Services» компаниясының (Оман сұлтандығы) ТМД және Орталық Азия бойынша жетекші техникалық сарапшысы Сеид Кажа Арифуддин Қазақстандағы қой шаруашылығына Халал стандарттары мен азық-түлік қауіпсіздігі протоколдарын енгізудің маңыздылығына тоқталды. Ол малды күтіп-бағу, сою және өңдеу процестерін ислам нормалары мен ұлттық талаптарға сәйкестендіру, өнім сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы тұтынушылар сенімін арттыру, Халал және HACCP стандарттарын біріктіру арқылы өнімнің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін көтеру мәселелерін атап өтті.

 

 

 Семинар кеңес барысында  Абай облысы әкімдігі, ҚР Ұлттық аграрлық ғылым академиясы және ҚазАӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институты арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.  Бұл құжат  аймақтың аграрлық әлеуетін арттыруға, ауыл шаруашылығына ғылыми жаңалықтар енгізуге, кадрлық және инновациялық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді.

 

 

Шәкәрім университетінде өткен семинар-кеңес қой шаруашылығын дамытудың тың тәсілдерін, халықаралық тәжірибені және мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырды. Инвестициялық жобалар, ғылыми зерттеулер және халықаралық стандарттарды енгізу арқылы салада сапалы өзгерістерге қол жеткізуге болатыны айтылды. Бұл – отандық қой шаруашылығының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашатын маңызды басқосу болды.

 

 

Іс-шара аясында тәжірибе алмасу, әріптестік байланыстар орнату және аграрлық ғылым мен өндіріс арасындағы ықпалдастықты нығайту мақсатында алыс-жақыннан келген меймандар Шәкәрім университетінің ғылыми-зерттеу зертханаларымен танысып,  Семей қаласындағы «Еуразия АгроСемей» компаниясының құрылыс алаңдарын аралады.