Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі27 тамыз 2025оқытушы

Жасамыс жандарға арналған «Күміс университет»

«Өмір бойы білім алу» – бүгінгі заманның басты ұстанымдарының бірі. Білім мен білікті үздіксіз жетілдіру — адам өмірінің сапасын арттырып, қоғамдағы белсенділікті сақтаудың маңызды жолы.

 

 

Шәкәрім университетінің Кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында «Күміс университет» жобасы өз жұмысын табысты жалғастырып келеді.

 

 

Аталған жоба 2021 жылдың екінші жартысынан бастап ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 8 шілдедегі №471 қаулысымен бекітілген «Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру)» тұжырымдамасы негізінде жүзеге асырыла бастады. «

 

 

Қазіргі уақытта Шәкәрім университеті мен Семей қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы арасында жасалған келісім негізінде тыңдаушыларға бірнеше бағытта білім беру бағдарламалары ұсынылуда. Атап айтқанда, қазақ, түрік және ағылшын тілдерін меңгеру, қаржылық сауаттылықты арттыру, дене шынықтыру, дұрыс тамақтану және психологиялық саулық тақырыптары бойынша курстар ұйымдастырылған. Бұл бағдарламалар қатысушыларға тегін ұсынылады.

 

 

Қазан айынан бастап жаңа оқу кезеңі басталады. 2024–2025 оқу жылында түрік тілін А1 деңгейінде меңгерген тыңдаушылар білімін А2 деңгейінде жалғастыра алады. Сонымен қатар, Экономика және қаржы кафедрасы қаржылық сауаттылық пен қаржылық қауіпсіздік бойынша арнайы курс өткізуді жоспарлап отыр. Тамақ технологиясы кафедрасы «Геродиеталық тамақтанудың маңызы мен мақсаты» тақырыбында тағылымды курс ұйымдастырмақ. Ал дене шынықтыру және спорт кафедрасы егде жастағы адамдарды заманауи өмірге бейімдеу және олардың өзін-өзі дамытуына қолдау көрсету мақсатында «Спорт саласында өзін-өзі тәрбиелеу және өзін-өзі жетілдіру» тақырыбында оқыту бағдарламасын іске қоспақ.

 

 

«Күміс университет» — бұл жас ерекшелігіне қарамастан, әр адамға білім арқылы жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын, қоғаммен тығыз байланыста болуға жол ашатын әлеуметтік-маңызды бастама.